Атырауда маса улауға 126 млн теңге бөлінді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда масаны улау жұмысын жүргізуге 126 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

AG Disinfektion services ЖШС директорының орынбасары Нұрлыбек Ахмедияровтың айтуынша, масаның табиғи көбею ошағы саналатын бес учаске бар.

Бұл – Сарыөзектегі кәріз суы құйылатын, Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағындағы техникалық және өндірістік мақсатқа пайдаланылған шайынды су төгілетін орын, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына қарасты Каспий маңы жағалау алаңдары және қаланы айналып өтетін «Ерік-Мостовой» каналы.

«Бұл учаскелер кәсіпорынның тұрақты бақылауына алынып отыр. Залалсыздандыру шараларымен алдымен шаһардағы 1 130-дан астам көпқабатты үйдің кіреберісі, балалардың ойын алаңқайлары мен аялдамалар, сондай-ақ, қала аумағындағы ауылдық елді мекендер қамтылды. Мұндай дезинсекциялық жұмыстар Тухлая балка, «Ерік-Мостовой, Перетасқа учаскелерінде жүргізілді. Соңғы екі айда қала маңындағы елді мекендер мен теңіз жағалауында 40 млн шаршы метр аумақ дезинсекцияланды» -дейді Нұрлыбек Ахмедияров.

Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы маусымда масаға қарсы күрес жұмыстарына жергілікті бюджеттен 126 млн теңге қаражат бөлінген.

Мердігер мекемеде масаға қарсы улау жүргізу үшін 5 бригада, 43 дезинфектор, 8 автокөлік пен арнаулы техника-құрылғылар тартылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда масаны жаңа препаратпен улаған болатын.


Соңғы жаңалықтар