Атырауда меценаттардың қолдауымен велоспорт мектебі ашылды

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Атырау облысының меценаттары қайырымдылық аукционы барысында балалар веломектебіне қажет жабдықтар алу үшін 35 млн теңге сыйға тартты. Жоба мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атырауда меценаттардың қолдауымен велоспорт мектебі ашылды

Веломектеп балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі базасында құрылған, онда 10-16 жас аралығындағы 80 бала велосипед тебу шеберлігін меңгереді. Айта кетейік, бұл спорт түрі бойынша секция Атырауда алғаш рет ашылып отыр.

Атақты спортшылардың құралдары мен коллекциялық велосипедтер аукционы Bike Ride Atyrau - 2018 бірінші қайырымдылық веложарысы барысында өтті.

Жалпы Атырау облысында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында меценаттардың қолдауымен 1200 орындық 6 балабақша, 2500 орындық 8 спорт кешені салынды. «Ретропарк», «Сазанқұрақ», «Атамекен», «Жеңіс» демалыс саябақтары да пайдалануға берілді.