Атырауда медбикені балағаттаған ер адам 5 тәулікке қамауға алынды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда медбикені балағаттаған ер адам 5 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қалалық полиция басқармасының ақпаратына қарағанда, 42 жастағы ер адам облыстық ауруханаға ем алу үшін барған.

«Атырау қаласында тұратын ер адам ауруханадағы медбикеге дөрекілік танытып, былапыт сөйлеген. Сөйтіп, айналасындағыларға сыйламаушылық білдіріп, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын әрекеттерге барған. Аталған дерек бойынша 42 жастағы азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Жинақталған іс құжаттары Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді», -деп хабарлады қалалық полиция басқармасынан.

Сот қаулысымен 1981 жылғы азамат ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 5 тәулікке қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазаға тартылды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда анасын бірнеше рет балағаттаған жігіт 10 күнге қамауға алынғанын жазған едік.

Махамбет аудандық сотының мәліметінше, жұмыс істемейтін 31 жастағы жігіт анасын сыйламай, былапыт сөйлейтіні, сөйтіп, отбасы тыныштығын бұзған.

«Ол осындай теріс әрекетке екінші рет барып отыр. Биылғы жылдың 9 қаңтарында ол осы тектес әрекеті үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жазаға тартылып, ескерту алған. Бірақ, бұрынғы ісінен еш нәтиже шығармай, қайталап құқық бұзушылық жасаған», -деп хабарлаған еді аудандық соттың баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар