Атырауда мектеп бітірген 150 түлекке облыс әкімінің білім гранты берілді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда биыл мектеп бітірген 150 түлекке облыс әкімінің білім гранты берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен конкурс комиссиясының шешімімен 150 түлек облыс әкімінің грантымен жоғары оқу орындарында тегін оқиды.
«Өңірдегі кадр тапшылығын шешу үшін облыстық бюджет есебінен денсаулық, білім, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салалар бойынша білім беру гранттары бөлініп отыр. Биыл конкурсқа қатысуға 186 талапкер өтініш берді. Облыс әкімінің грантын иеленгендердің дені – болашақ педагогтер және дәрігерлер», -дейді облыстық білім басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев.
Оның айтуынша, 52 түлек М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне, 2 түлек Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқиды. Ал, 8 түлек «Нұр-Мүбарак» Мысыр ислам мәдениеті университетінде, ал, 86 түлек Х.Досмұхамбетов атындағы Атырау университетінде, тағы екеуі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жоғары білім алады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысы әкімінің 50 гранты резидентураға бөлінген еді.