Атырауда мектеп мұғалімі мен екі оқушыдан А гепатиті анықталды
«Атырау облысында 2002 жылы А вирустық гепатитінің 157 жағдайы анықталған болатын. Ал былтырғы жылы гепатитті жұқтырудың 6 жағдайы тіркелді. |Инфекцияны жұқтырудың төмендеуіне гепатитке қарсы вакцинация арқылы қол жеткізілген еді. Биылғы қаңтар айында облыс бойынша балалар арасында А вирусты гепатиттің 2 жағдайы тіркеліп отыр. Екі жағдайда да ата-анасы екпеден бас тартқандықтан, балаларға вакцинация жасалмаған. Вакциналау 2 жастағы балаларға және А вирусты гепатиті ошақтарында болған 14 жасқа дейінгі жасөспірімдерге қарым-қатынастан кейін алғашқы 2 аптада жүргізіледі. Вакцина 6 ай сайын 2 рет салынады», - деп хабарлады облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен.
Атырау қалалық білім бөлімінің мәліметінше, мұнайлы шаһардағы орта мектептің мұғалімінен де А гепатиті анықталған.
«А гепатиті диагнозы расталғаннан кейін оқушылардың денсаулық жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр. Сабақта үш күннен артық қатыспаса, учаскелік дәрігердің анықтамасымен ғана сабаққа жіберіледі. Байланыста болған адамдарға медициналық бақылау орнатылды. Барлық оқушының жеке медициналық картасы, мұғалімдердің санитарлық кітапшалары тексерілді. Мектеп кабинеттерін күнделікті және жалпы тазалау ерекше бақылауға алынды. Науқас мұғалім стационарға емдеуге жатқызылды», - деп мәлім етті білім бөлімінен.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда орта мектептің директорынан туберкулез анықталғанын жазған едік.