Атырауда мектеп оқушыларын тонаумен айналысып келгендер сотталды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда мектеп оқушыларының ұялы телефондарын сатып алып жүрген бірнеше ер адам 3 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атырау қаласының №2 соты ҚР ҚК-нің 191 бабы, 2 бөлігі, 3 тармақшасы (Адамдар тобының алдын ала ұйымдасып алып бөтеннің мүлкін тонауы) бойынша айыпталған екі ер азаматтың ісін қарады. Сот отырысы барысында айыпталған адамдардың 2018 жылдың ақпан айында №22 мектеп оқушыларының «Самсунг А3» маркілі телефондарын қорқытып, тартып алғандығы белгілі болды. Осы әрекетінен соң олар Амандосов көшесінің бойына шығып, сонда «Батыс-15» патрульдік полиция бөлімі қызметкерлерінің қолына түскен. Келтірілген шығын 75 мың теңгені құрады. Сот оларды кінәлі деп тауып, айыпкерлердің бірін 3 жылға бостандығын шектеп, 200 сағаттық жұмысқа жегу жөніндегі үкім шығарды. Екінші айыпкердің іс-әрекетінен рецидивтік белгілерді байқаған сот оны 3 жыл бас бостандығынан айырды»,-деп хабарлады Атырау қаласының №2 соты.