Атырауда мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсіпкерлер саны артып келеді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында шағын және орта бизнесті қолдаудың республикалық, аймақтық бағдарламалары арқасында кәсіпкерлер қатары артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы мәселеге қатысты таратылған ақпараттар бойынша, 2012 жылы кәсіпкер Өтеміс Жұмағалиев «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жылыжай құрылысына 14 пайыздық мөлшерде субсидия алу мүмкіндігіне ие болған. Бағдарлама аясында мемлекет субсидияның 7 пайызын төлейді. Биыл көктемде 2 гектар жылыжайдан 30 тоннаға жуық көкөніс жиналды. Оған қоса шаруалар тыңайтқыштар сатып алуға субсидия алады. Қазір кәсіпкердің жылыжайының алаңы екі гектар, онда 30 адам жұмыс істейді. 2014 жылдан бері мұнда 200 тонна қызанақ, 100 тонна қияр, 3 тонна тәтті болгар бұрышы өндірілген.
2017 жылы Атырау облысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 1 543,5 млн теңге бөлінді. 312 жоба қаржыландырылып, 1210 жұмыс орны құрылды.
Аталған бағдарлама бойынша тағы бір табысты жоба ашылды. 711 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алған кәсіпкер Махамбет ауданы Алмалы ауылынан отбасылық дәрігерлік амбулатория ашты және ол бір жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді.
«Start up-Академия» жобасы аясында «Даму» қорының Атырау облысындағы бөлімшесі кәсіпкер Райхан Хайруллинаға бизнес жоба жасап, оны байқауда қорғауға көмектесті. Соның нәтижесінде кәсіпкер ісін дамытуға аймақтағы кәсіпкерлерден 150 мың теңге қолдау алған.
«Балаларды да, үлкендерді де қабылдаймын. Күніне үш-төрт адам келеді. Мақсатым емдік массажды барынша тиімді ету. Мысалы, массаж қалада 4000 теңге болса, менде 1000, 1500 теңге. Алға қарай кеңейтіп, жер алып, үлкен ғимарат салғым келеді. Мемлекеттің қолдауы бар жерде бұл ойымның жүзеге асарына сенемін»,-дейді Райхан Хайруллина.
Айта кету керек, мемлекеттік бағдарламалармен бірге Атырау облысында кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік бағдарламасы да бар. Мысалы 2017 жылы «Бизнес Аймақ» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 350 млн теңге бөлінді. Сол арқылы 67 бизнес жоба жүзеге асып, 123 жұмыс орны құрылды. «Алтын кеме» бағдарламасы бойынша 304 млн теңгенің 13 жобасы мақұлданып, 25 жұмыс орны ашылды.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға, экономиканы диверсификациялауға барлық жағдай жасалып жатыр. Аймақ кәсіпкерлерімен кездесуде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Атырау облысында мемлекеттік органдар бизнес климатты жақсартуға бел буып отырғанын айтты. Бұл ретте шағын несиелеу арқылы кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік, өңірлік бағдарламалары қолданысқа ие.