Атырауда мемлекеттік қызмет мектебі ашылды
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау филиалымен бірлесіп Мемлекеттік қызмет мектебін ашты. Шараға тыңдаушы ретінде 100-ден астам студент қатысты. Олар осы оқу орнына түсу тәртібі, мемлекеттік қызметке іріктеу, тағылымдама және карьераның өсуі жайын білді. Мектепті ашудағы негізгі мақсат - мемлекеттік мекемелерде тағылымдамадан өтуді ұйымдастыру, дарынды мамандардың олардың қызметімен танысуына мүмкіндік беру.
«Қазіргі кезде қабылдау жүріп жатыр. Сұхбаттан өткен студенттердің барлығы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау филиалында оқып, мемлекеттік қызметкердің этикалық ережелерін сақтауды, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды, мемлекеттік қызметтер көрсетуді, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін үйреніп, құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің қызметімен танысады», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті басшысының орынбасары Руслан Тұңғышбаев.
Білім алушылар оқудан соң мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өтеді. Содан кейін бітірушілерге арнаулы сертификаттар беріледі.