Атырауда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бірнеше жоба дайындалуда
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасымен мемлекеттік органдарда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша жауапты мамандар бекітілді, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысында 2017 жылы «Атырау қаласы көшелерін жарықтандыру құрылысы мен пайдалануға беру» және «Атырау облысында диагностика бойынша бағдарлама әзірлеу, арнайы мамандандырылған бағдарламалық және сандық рентгенографикалық жүйелермен жабдықтаудан тұратын өкпе туберкулезін ерте диагностикалауға арналған іс-шаралар кешенін пайдалануға беру» жобалары жүзеге асырыла бастады.
2018 жылы Атырау қаласында балабақша, мектеп, ауысымына 250 қабылдауға арналған емхана, Ақсай селосында ауысымына 25 қабылдауға арналған дәрігерлік амбулатория құрылыстары жобаларының басталуы жоспарланып отыр. «Атырау қаласында 10 200 тонна көкөніс қоймасы мен 1 га жылыжай салу», «Атырау қаласында монша салу», «Атырау облысы аудандарында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу», «Атырау қаласындағы мектептерде тамақтануды ұсыну мен ұйымдастыруға халықаралық стандарттар енгізу» жобалары бойынша конкурстық құжаттама дайындау жұмыстары да жүруде.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Атырау қаласында бейнебақылау мен жол жүру ережесін бұзғандарды фотобейнетіркеу аппаратты-бағдарламалық кешенін құру», «Құлсары қаласында сыртқы жарықтандыру желілері құрылысы пайдалануға беру», «Атырау қаласындағы мектептерде ақылды басқару жүйесін құру» жобаларын іске асыру көзделіп отыр.
--