Атырауда мейрамхана тоңазытқышынан 73 кг бекіре тұқымдас балық табылды

None
Фото: instagram.com/police.atyrau
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау полицейлері заңсыз айналымнан 200 келіге жуық бекіре тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы су айдындарында «Бекіре – 2023» кең ауқымды балық қорғау акциясы өтіп жатыр. 1 сәуірде басталған акция 31 мамырға дейін жалғасады.

Оның аясында Полиция департаментінің қызметкерлері ірі көлемде бекіре тұқымдас балық түрлеріне қол сұғушылық дерегін анықтады.

«Мәселен, Атырау қаласында орналасқан мейрамхананың тоңазытқышынан жалпы салмағы 73 келіні құрайтын бекіре тұқымдас балық табылды. Ал 1995 жылы туған жүргізушінің автокөлігін тексеру кезінде 121 келіні құрайтын бекіре тұқымдас бағалы балық анықталды. Заңсыз айналымнан тәркіленген бағалы балық түрлері «Жайық-Атырау» бекіре шабағын өсіру зауытына тапсырылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Қазір аталған деректерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігімен тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Еске сала кетелік, бұған дейін бір айда заңсыз айналымнан жарты тоннаға жуық бекіре тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.

Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының өкілі Олег Тушкановтың мәліметіне сүйенсек, акция басталғаннан бері 432 құқық бұзушылық анықталған. Осыған байланысты 319 адам әкімшілік жауапқа тартылды.

«Балық қорғау заңдылығын бұзушыларға жалпы сомасы 5,8 млн теңгенің айыппұлы салынды. Заңсыз айналымнан 4 тонна 370 келі балық алынды. Оның ішінде 495,85 келі бекіре тұқымдас балық түрлері, 28 келі бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығы бар. Құқық бұзушылардан 158 балық аулау құралы, 33 су көлігі және 11 автомашина тәркіленді», -деп хабарлады Олег Тушканов.


Соңғы жаңалықтар