Атырауда мол жауған қардан су тасқыны қаупі туындауы мүмкін

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында қардың көп түсуіне байланысты көктемде су басу қаупі туындауы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда мол жауған қардан су тасқыны қаупі туындауы мүмкін

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев Атырау қаласындағы су басу қаупі басым шағын аудандардағы қар тазалау жұмыстарын қадағалады.

Оның ішінде Геолог, Жұлдыз, Сарықамыс шағын аудандары бар.

«Атырау қаласында ірі кәсіпорындардың көмегімен қар тазалау жұмыстары тәулік бойына жүргізіліп жатыр. Техника саны көбейтілді. Қазір 120-ға жуық көлік пен қар күрейтін 130-дан астам техника бар. Тұрғындар аулалардағы қарды көшеге шығаруы керек. Кейін көшедегі қарды жауапты мекемелер жинап алады. Тұрғын үйлерді осылай су басу қаупінен сақтаймыз. Ірі мекемелер, сауда орталықтары белгіленген аумақтарды қардан тазалауы тиіс. Қауіпті аумақ саналатын Сарықамыс, Геолог шағын аудандарын қардан тазалауға басымдық беріліп отыр. Бір аптада қаланы қар мен судан толықтай тазалаймыз», -деді Қайрат Нұртаев.


Алайда, қалада әлі қардан тазаланбаған орындар бар.

Мәселен, «Көктем» сауда орталығының аумағындағы қар әлі көшеге шығарылмаған.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев базардың жауапты қызметкеріне ескерту берді.

Қазір Атырау қаласында қар тазалау жұмыстарына «Арнаулыавтобаза» ЖШС-дан 39 техника, ірі кәсіпоындар мен жеке кәсіпкерлерден 86 техника тартылған.


Осы кезге дейін шаһар аумағынан 52 мың текше метр қар шығарылған. Ал, жаяу жүргіншілер, автокөлік жолдарына, көпірлерге 516 тонна реагент себілген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауды қалың қар басып, көлік қозғалысы қиындағанын жазған болатынбыз.