Атырауда мұнай өңдеушілер 5 гектарға 2 500 көшет отырғызады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда мұнай өңдеушілер 5 гектарға 2 500 көшет отырғызады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда мұнай өңдеушілер 5 гектарға 2 500 көшет отырғызады

Атырау мұнай өңдеу зауыты облыс әкімдігімен арада жасалған Атырау қаласының аумағын көгалдандыру жөніндегі меморандум аясында көшеттер отырғызуды бастады. Бұл үшін Атырау қаласына іргелес Перетаска кентінен 5 гектар жер телімі бөлінген.

«Көгалдандыру алдында бөлінген аумақ қоқыстан тазартылып, иесіз қалған құрылыстар бөлшектелді. Зауыт қызметкерлері жергілікті сортаң топырақта өсуге бейім қарағаш, терек пен шағанның 2 500 көшетін таңдады. Күзгі кезеңде көшеттерді суару арнайы су таситын техникамен жүргізіледі. Ал, келесі жылы әзірленген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес суару жүйесі бар сорғы станциясын салу жоспарлануда. Қазір зауытта ауданы 224 га көгалдандырылған және абаттандырылған санитарлық-қорғау аймағы бар. Осы аумақта 126 270 көшет пен бұта егіледі. Бған қоса жыл сайын 11 753 дана көшет егіліп, күтім жасалады» -деп хабарлады кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында орман қорын молайтудың кешенді жоспары бекітілгенін хабарлаған болатынбыз.