Атырауда мұнай өнімдерін өндіру және жол битумы мәселелері талқыланды

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма басшысы Мағзұм Мырзағалиев Атырауда көшпелі кеңес өткізді. Кеңес барысында ішкі нарықты жол битумымен қамтамасыз ету, Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өнімдерін өндіру және жөнелту, зауытты жөндеу мерзімі талқыланды. Жиынға «ҚазМұнайГаз», АМӨЗ және Caspi Bitum Ақтау битум зауытының басшылығы қатысты.

Атырауда мұнай өнімдерін өндіру және жол битумы мәселелері талқыланды

«Күні кеше Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жол-құрылыс жұмыстары маусымында ішкі нарықта битум тапшылығына қатысты әділ сын айтты. Серіктестермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалыптасқан жағдайды өзгерту бойынша түбегейлі шаралар қабылдау қажет», - деп атап өтті М. Мырзағалиев.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда битумға деген сұраныс жаз айларында, жол құрылысы белсенді жүргізілетін шақта арта түседі. Осыған байланысты Мағзұм Мырзағалиев «ҚазМұнайГаздың» жауапты құрылымдық бөлімшелеріне жол-құрылыс ұйымдарын мемлекет тарапынан жыл бойы қаржыландыру (аванс беру) мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, ұлттық компания мамандарына уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеу жүктелді. Бұл жол-құрылыс жұмыстары маусымының басталуына қарай ішкі нарықта битумның қажетті қорын жинақтауға мүмкіндік береді.

Жиында Caspi Bitum зауытының қуатын 1,5 есе арттыру мәселесі талқыланды. Бұл жоғары сапалы битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін ұлғайтуға жол ашады. Caspi Bitum келтірген дерек бойынша, мұнай өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік бар, қазір мұның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп қойған, мамандар жобалауға кірісіп жатыр.

Сондай-ақ, жиын барысында Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеп тұрғанын, өндірістік көрсеткіштер уақтылы орындалып жатқанын баяндады. Биылғы жылдың қорытындысына сәйкес, зауытта мұнай өңдеу көлемі 5 млн тоннадан асады. Жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Атырау мұнай өңдеу зауытының қыркүйекке жоспарланған жөндеу жұмысын кейінге ауыстыру мәселесі пысықталуда. Бұл ретте М. Мырзағалиев зауыт басшылығына жанар-жағармай нарығындағы қазіргі жағдайды ескере отырып, зауыттың ағымдағы жөндеу жұмысын кейінге ауыстыруды тапсырды.