Атырауда музыкалық шеруге 4 мыңға жуық бала қатысты
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау көшелеріндегі жаппай музыкалық шеруге 4 мыңға жуық бала қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Музыкалық оркестрлер шеруі Д.Нұрпейісова атындағы академиядан басталып, Исатай-Махамбет атындағы орталық алаңда аяқталды. Бұл жерде шара қонақтарына балалар мен жастар шығармашылық ұжымдарының театрландырылған қойылымдары көрсетілді.
Ауқымды мәдени шараға барабаншылардан, шығармашылық ансамбльдерден, черлидерлер, музыкалық және би ұжымдарынан құралған 43 топ әсем киімдерімен, өнерлерімен жиналған жұртшылықты тәнті қылды.
Черлидинг - бұл гимнастика, акробатикалық тұрғыдағы спорттық би қимылдарының бір үлгісі. Әртүрлі спорттық ойындарда қолдаушылар ретінде танылған топ бұл жолы да көпшілікті әсем қимылдарымен баурап алды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауованың айтуынша, музыкалық оркестрлер шеруі астананың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
«Бүгінде балалар, оқушылар мен студенттер үшін жарқын болашақтың есігі айқара ашық. Мемлекет жас ұрпақты кешенді дамыту үшін көптеген мүмкіндіктер беруде - балабақшалар, мектептер салуда, жаңа беделді білім беру мекемелері ашылуда. Үздік студенттер шет елдерде оқу және тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие, еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алуға гранттар бөлінеді. Біз сіздердің арқаларыңызда Қазақстанымыздың болашағы жарқын боларына сенімдіміз», - деді шара қатысушыларына Нұрсәуле Сайлауова.
Шеруге қатысқан 4 мыңға жуық бала алаңнан шығып, Д.Нұрпейісова атындағы академиядан Исатай-Махамбет атындағы орталық алаңға дейін жол жүрді. Керемет музыкалық репертуар, алуан түрлі аспаптар, түрлі өнерді біріктірген бағдарламалар, ұжымның бірыңғай киімдері мен театрландырылған шеру айрықша әсер қалдырып, балалар мерекесінің көркін ашты.