Атырауда Назарбаев зияткерлік мектебінде күн электр стансасы іске қосылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде күннен электр қуатын жинайтын станса іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Күләш Шамшидинованың айтуынша, күннен энергия алатын электр стансасы арқылы оқушыларды баламалы энергия саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баулу көзделген.

«Бұдан үш жыл бұрын Астана экономикалық форумы аясында «Шел» компаниясымен «Күн энергиясы – мектептерге» ілкі жобасын іске асыру мақсатында меморандумға қол қойылған еді. Аталған пилоттық жоба «жасыл» экономикаға біртіндеп көшу, парниктік газдарды қысқарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту сынды бірнеше мақсатты іске асыруды көздейді. Мұның қатарында оқушыларды нақты ғылымдарды (STEM) зерттеуге қызығушылығын оятып, олардың экологиялық мәденитетін қалыптастыру мақсаты да бар.

Қазір күн фотоэлектр жүйелері Нұр-Сұлтан, Ақтау және Орал қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде орнатылды. Биылғы мамырда Атыраудағы білім ордасында күн панельдерінің құрылысы басталған болатын. Бұл станса мектептің жылдық энергия шығынын 30 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді» -дейді Күләш Шамшидинова.

Оның айтуынша, болашақта күн электр стансасымен мектеп оқушылары ғылыми жобалар мен зертханалық жұмыстарды жүргізетін болады.

«Ең бастысы, шәкірттеріміз мамандық таңдау, жұмысқа орналасу кезінде әлемде экология мәселесінің маңызды екенін түсінетін болады. Сондықтан, мұндай инновациялық жобалардың бірінші кезекте мектептерде енгізілуі үлкен маңызға ие» - дейді Күләш Шамшидинова.

Енді мұндай күн электр стансасының құрылысын Түркістан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жүргізу жоспарланған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық оқушы волонтерлерге арналған мобильдік қосымша жасап шығарғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар