Атырауда нөсер жауыннан кейін жеті үй мен 25 көшені су басты
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда нөсерден кейін 7 тұрғын үй мен 25 көше жаңбыр суының астында қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметіне сүйенсек, 10 мамыр сағат 21:00-ге дейін 7 жеке тұрғын үй, 15 аула мен 25 көшені жаңбыр суы басқаны анықталған.
«Толассыз нөсер жауыннан Атырау қаласының аумағында 36 мм ылғал түсті. Бұл – айлық нормадан артық ылғал. Нөсердің салдарынан шаһардағы тұрғын үйлер мен аулаларды, көшелерді басқан су деңгейі 15 см-ге дейін көтерілген. Осы уақытқа дейін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің және жергілікті атқарушы органның техникаларымен 2 679 текше метр су сорылды. Жаңбыр суын сору жұмысы жалғасып жатыр. Осыған орай арнайы штаб құрылды», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Су соруға төтенше жағдайлар департаментінен 28 қызметкер, 6 техника, 9 мотопомпа тартылған. Ал, жергілікті атқарушы органның ұйымдастыруымен «Арнаулыавтобаза» ЖШС мен «Атырау облысы Су Арнасы» КМК тарапынан 78 адам, 54 вакуум көлігі, 2 мотопомпа шығарылған.

Көше тазалығымен айналысатын «Арнаулыавтобаза» ЖШС директоры Алмас Ізтілеуовтің айтуынша, жаңбыр суын сору жұмысы екі ауысыммен жүргізіле береді.

Бұл жұмыс түн мезгілінде де жалғасып жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау көшелерінен 40 мың текше метр су сорылғанын хабарлаған болатынбыз.




