Атырауда оқулық тапшылығы болмайды - Білім бөлімі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда оқулық тапшылығы болмайды. Қалалық білім бөлімі қала мектептеріндегі оқулықтар өз уақытында жеткізілетініне уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Қабиденов мәлімдеді. Спикердің айтуынша, білім беру ұйымдарына оқулықтар 15-23 тамыз аралығында жеткізіледі.
«2018-2019 оқу жылының ең өзекті мәселесі - оқушыларды оқулықпен қамту болатын. Биыл оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 945 млн 417 мың теңге қаражат бөлініп, кітап сатумен айналысатын 14 компаниямен келісімшарттар жасалды. Сондай-ақ, оқулықтар үшін 30% алдын-ала төлем жасалды. Биыл қалалық мектептерде оқулық тапшылығы болмауы керек», - деді Е. Қабиденов.
Сондай-ақ, қалалық білім бөлімі мектептерге оқулық уақытында жеткізіледі деп уәде берді. Оқулықтарды тасымалдап, жеткізуге 5 млн 470 мың теңге бөлініп, конкурс құжаттары қалалық қаржы бөліміне ұсынылғанын жеткізді.