Атырауда оқушылар мен студенттер бүгін түстен кейін онлайн оқып жатыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Атырауда оқушылар мен студенттер түстен кейін онлайн оқиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін, 3 сәуірде оқушылар мен студенттер қашықтан білім алады.

Мұндай шешім қабылдауға Каспий жағалауындағы қамыстың жағымсыз иісі себеп болған.

Қазір Атырау қаласында түтіннің өткір иісі сезіліп тұр.

«Бүгін, 3 сәуірде Атырау қаласында түтіннің иісі шығуына байланысты мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан білім алады. Қосымша ақпарат кейін хабарланады», -деп мәлім етті білім басқармасының баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Каспий жағалауында жанған қамыс түтіні Атырауды басып қалғанын хабарлаған болатынбыз.

«Каспий теңізінің жағалауындағы «Ақжайық мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыс жанып жатыр. Бұл – Атырау қаласының маңындағы Дамбы ауылынан 30 шақырым қашықтықтағы аумақ. Бүгін, 2 сәуірде жергілікті уақытпен сағат 19:00 шамасында қамыс өрті шамамен 85 гектар аумақты шарпыды. Төтенше жағдайлар және «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері 80 гектар аумақтағы өртті сөндірді. Жел екпіні өртті сөндіруге қиындық келтіріп тұр. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Ал, бүгін, 3 сәуірде теңіз жағалауындағы қамыс өртін сөндіру жалғасып жатыр.

Жалынды сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 38 қызметкер, 4 техника, Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 30 адам, 9 техника, 2 қайық, 4 мотопомпа тартылған.


Соңғы жаңалықтар