Атырауда оқушылардың теріс қылығынан кейін бүкіл мектептерде ата-аналар жиналысы өтеді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының мектептерінде ата-аналар жиналысын өткізуге шешім қабылданды. Бұған мектеп оқушыларының теріс әрекетке барғанын себеп болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда оқушылардың теріс қылығынан кейін бүкіл мектептерде ата-аналар жиналысы өтеді

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, 17-21 қазан аралығында облыстың барлық мектебінде ата-аналар жиналысы өтеді.

Бұған оқушылар тарапынан өрсекел әрекеттердің қайталануы себеп болып отыр.

«Соңғы кезде өңір жұртшылығы орта мектеп оқушыларының мінез-құлқына алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені, оқушылар тарапынан бірнеше рет өрескел әрекеттер тіркелді. Ата-аналар жиналысын өткізуге Атырау қаласындағы орта мектептің бірінде «бомба қойылғаны» туралы жалған хабар да себеп болды. Жалған хабар таратқан сол мектептің оқушысы – 2008 жылы туған жасөспірім екені анықталды. Әлеуметтік желіде тағы бір мектептің оқушыларының электронды темекі тартып тұрған видеосы тарады. Мұндай оқиғалардың барлығы жұртшылықты алаңдаушылығын туғызды», -дейді Жасұлан Бисембиев.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұдан бірнеше күн бұрын Атырау қаласының маңындағы ауылдық округтің бірінде мектеп оқушыларына энергетикалық қоспасы бар ұнтақ сатылғаны анықталған. Мектептің жоғары сыныбында оқитын оқушылар кішкентай балалардан ақша сұрап, әлімжеттік көрсететіні туралы ақпарат тарады.

Ал, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында жасөспірімдер «Қызғалдақ» балабақшасына жасырынып кіріп, ойыншықтар мен гүлдерді шашып, астан-кестеңін шығарған.

Осы дерекке қатысы бар 9 жасөспірім ұсталды. Олар – 6-7-сыныпта оқитын оқушылар.

«Атырау облысының мектептерінде оқушылардың ата-аналарымен кездесу өткізуге шешім қабылданды. Күн тәртібінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, тәртіп пен тәрбие мәселелері талқыланады», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда электронды темекі тартқан оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынғанын, 14 жасар оқушы мектепке бомба қойылғаны туралы жалған хабар бергенін жазған болатынбыз.