Атырауда оқушының соққыға жығылғанын хабарламаған мектеп директоры жазаланды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда оқушының соққыға жығылуына байланысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллиннің айтуынша, 25 сәуірде №36 мектептің 10-сынып оқушысы соққыға жығылған.

Соған байланысты дене жарақатын қасақана келтіру дерегімен ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы, 2-бөлігінің 8-тармағымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

«Жедел тергеу шаралары күдікті ретінде 11-сынып оқушысын анықтады. Оқиғаның бүкіл куәгерінен жауап алынды. Қазір қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері, оның ішінде сот-медициналық сараптама жасалып жатыр. Кәмелетке толмағандарға қатысты заңға қайшы әрекеттерді хабарламағаны үшін мектеп директоры Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 127-1-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылды», - дейді Аршат Тайтуллин.

Қазір қалалық прокуратура уәкілетті органдармен бірге кәмелетке толмағандар арасында қабылданған профилактикалық жұмыстардың толықтығын тексеріп жатыр.

Облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетовтің дерегіне сүйенсек, науқас емдеу орнына 25 сәуірде сағат 17:00 шамасында түсіп, лор бөліміне жатқызылған.

«Науқасты шұғыл операциялық көмекті қажет етпейтіндігіне байланысты Батыс Қазақстан облыстық ауруханасының мамандарына жіберу келісілді. Алайда, ата-анасы 26 сәуірде сағат 12:00-де баласын қолхатпен шығарып алып, Оралға ұшақпен алып кетті», -дейді Нұрқабыл Айтмұхамбетов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда әжесінен адасып қалған 5 жасар бала табылғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар