Атырауда орталықтағы бір көшеден 250-ге жуық тал кесіледі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда орталықтағы бір көшеден 250-ге жуық тал кесіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
Ашық көздерден алынған фото

Атырауда «Атырауинжстрой» ЖШС Азаттық даңғылын қайта құру жобасына сәйкес 249 талды кесуді жоспарлап отыр.

Осыған байланысты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімімен келісім жасалған.

«Қала тұрғындары үшін әрбір ағаштың маңыздылығын ескеріп, көшелерді кеңейту жобаларын жүзеге асырғанда мүмкіндігінше көп талды сақтап қалуға тырысамыз. Сол себептен, тапсырыс берушімен бірге құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аумақ жан-жақты зерделенді. Соған сәйкес, 66 талды кесіп, 15-ін тамырымен көшіруге шешім қабылданды. Тапсырыс берушінің қолдауымен көп ағашты көшіру жоспарланған еді. Алайда, бұған қолданыстағы желілерге иелік ететін коммуналдық мекемелер қарсы. Өйткені, коммуникациялар талдардың тамырларына жақын орналасқан. Талдарды қазып алу техникасы негізінде жүргізілетін механикалық көшіру жұмыстары желілердің үзілуіне, коммуналдық апаттарға әкеліп соқтыруы мүмкін», -деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Ал, қолмен көшіруге келетін талдарды қазып алып, Азаттық даңғылы бойындағы көрші аумақтарға қайта егу көзделген.

Өткен жылы Мұхтар Әуезов көшесіндегі айналма жолының алаңынан 38 түп тал өзге аумаққа ауыстырылған.

«Келісімшартқа сәйкес қосалқы мердігер – КДМС ЖШС талдарды ауыстыру мен жаңадан егу жұмыстарын жүргізеді. Алдағы 2 жыл бойы талдарды баптап, өсуін қадағалайды. Тапсырыс берушінің келісімімен кесілген 1 талдың орнына жобалық-сметалық құжатта көрсетілгендей 5 тал емес, 10 түп тал егіледі Тапсырыс беруші абаттандырылатын аумақтарды белгіледі. Соған сәйкес, С.Датов көшесі мен Балықшы шағын ауданындағы Байжігітов көшесінің бойындағы жағалау аумағы абаттандырылады», -деп мәлім етті кәспорынның баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жол жөндеуге бюджеттен 9,7 млрд теңге бөлінгенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар