Атырауда өртеніп кеткен театр қысқа дейін жөнделеді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда өртеніп кеткен тетар қысқа дейін жөнделетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Махамбет Өтемісов атындағы академиялық қазақ драма театрын қалпына келтіру жұмыстарын тексеріп көрді. Жөндеу жұмыстары өткен аптаның бейсенбісінде, яғни өрт болған соң бірден басталған. Бүгінгі таңда нысанда театрды өз есебінен қалпына келтіруге ниет білдірген 22 компанияның жұмысшылары еңбектенуде.  

«Қазір бір мезгілде шатыр, электр сымдарын қалпына келтіру, сыртқы абаттандыру, ішкі әрлеу жұмыстары барлығы бір мезгілде жүргізіліп жатыр. 12 техника  жұмылдырылған, нысанда 200 адам жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыстардан театр ұжымы да тыс қалған жоқ, ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарына олар да атсалысуда»,-деді Атырау облыстық құрылыс басқармасының жетекшісі Мәлік Аманов.  


Театр ғимаратын аралау барысында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев театр ұжымының күрделі жөндеу жұмыстары кезінде электр сымдарын қорғайтын құрылғының жаңартпағанын сынға алды. Өйткені өрт тап осы жерден басталған. Әкім оқиғаның мән-жайын анықтап кінәлі адамдардың жазалануы керектігін ескертті.   

«Бұл облыс тұрғындары үшін үлкен сынақ болды. Алайда халықтың болған оқиғаға немқұрайлы қарамай, белсенділік танытуының арқасында қалпына келтіру жұмыстары бірден, яғни өрт сөндірілген соң 2 сағаттан кейін басталды. Біз атқаруымыз тиісті жұмыстар ауқымды. Сол себепті асығудың реті жоқ, қысқа дейін уақыт бар. Мамандардың болжауы бойынша біз құрылыс жұмыстарын үш айда толық аяқтаймыз»,-деді Нұрлан Ноғаев.


Айта кетейік, аумағы 1,5 мың шаршы метр болатын театр 22 тамыз айында өртенді. Өртті сөндіруге 21 техника мен 88 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Сағат 17-20-да өрт ауыздықталды, бірақ қызыл жалын театрдың шатыры мен тағы біраз бөлігін жалмап кетті. Сағат 18:18-де өрт толық сөндірілді. Өрттің шығуына театрдың жапсарлас ғимараттарының біріндегі трансформатордың тұйықталуы себеп болған. Бұл алдын ала болжам. Қазіргі таңда өрттің шығу себеп-салдарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.    


Авторы. А.Соколов

Соңғы жаңалықтар