Атырауда отағасынан зәбір көрген 18 әйел мен 30 бала дағдарыс орталығына орналастырылған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда дағдарыс орталығына тұрмыстық зомбылық көрген 18 ана мен 30-дан астам бала орналастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда отағасынан зәбір көрген 18 әйел мен 30 бала дағдарыс орталығына орналастырылған

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтың айтуынша, жыл басынан бері отбасындағы тұрмыстық зомбылыққа қатысты 800-ге жуық құқық бұзушылық анықталған.

«Ер азаматтардың алкогольдік ішімдікке тәуелді болуынан әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туындайды. Соның кесірінен көптеген отбасының шырқы бұзылып, балалары зардап шегеді. Мәселен, биылғы 8 айда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсететін дағдарыс орталығына 18 ана мен 30-дан астам бала орналастырылды. Отбасындағы тұрмыстық қатынасқа байланысты заңдылыққа қайшы 800-ге жуық құқық бұзушылық анықталып, кінәлілер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды», -дейді Қамза Үмбетқалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда отбасының мазасын алған 800-ге жуық адам жауапкершілікке тартылған болатын.