Атырауда Отан қорғаушы күні кең көлемде аталып өтті
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда Сұлтан Бейбарыс алаңында Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты әскери-мәдени шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәдени шара Жамбыл облысындағы «Отар» әскери базасында Елбасы - ҚР ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жауынгерлік әскери шеруден тікелей көрсетілімді тамашалаудан басталды.
Әскери парадқа «Батыс» аймақтық гарнизонына қарасты әскери бөлімшелер мен Ұлттық ұлан гвардиясының сарбаздары және Ішкі істер департаментінің қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, еліміздің батыстағы қақпасында шекара, құрлық, әуе және теңіз күштері орналастырылған. Салтанатты жиынға сайыпқыран сарбаздар әзірлікпен келген. Жауынгерлік әдіс-тәсілдерін меңгеруі, әскери техника, қару-жарақ түрлерінің көрсетілімі қарапайым тұрғындардың да көңілінен шықты.
Шара барысында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Лұқпанов барлық қатысушыларды тыныштықпен тұтастықты қорғап жүрген жауынгерлерімізді ұлықтайтын қастерлі күн - батырлық пен ерліктің, шыдамдылық пен төзімділіктің мерекесі Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.
Концерт «Жас ұлан» әскери ән байқауының жүлдегері, «Батыс өңірлік әскери қолбасшылығының» аға сержанты Айдар Негаевтың орындауындағы «Отаным менiң» әнімен ашылды.
Сондай-ақ, «Батыс өңірлік әскери қолбасшылығының» кіші сержанты, «Жас Ұлан-2016» әскери әндер байқауының жүлдегері Аманжол Мұратов та «Қарулы күштерің 25 жылдығына арналған» авторлық әнін нақышына келтіріп орындап шықты. Сонымен қатар, Батыс өңірлік әскери қолбасшылығының кіші сержанттары, 17-ші республикалық «Жас ұлан-2016» әскери ән байқауының жүлдегерлері Эльвира Аязбаева мен Айгерім Нұржанова «За полковника» әндерін орындады.



