Атырауда отбасы үлгісіндегі балалар ауылында жылыжай ашылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылында жылыжай ашылды. Оған облыстық іскер әйелдер кеңесі ұйытқы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда отбасы үлгісіндегі балалар ауылында жылыжай ашылды

Отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаеваның айтуынша, жылыжайдың аумағы 50 шаршы метрді құрайды. Құрылысы маусым айында басталған.

«Жайық өзенінің жағасында салынған балалар ауылында екі қабатты сегіз тұрғын үй бар. Мұнда 80 орындық тұрғын үйлер 8 отбасына арналған. Қазір мұнда 3-18 жас аралығындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 53 бала 6 отбасында тәрбиеленеді. Мұнда балалар 12 қоян, 5 тауық пен 12 балапанды бағуға, жылыжайды баптауға қолғабыс етеді. Енді ұлдарға арналған шеберхана ашуды жоспарлап отырмыз. Үш станок сатып алдық. Демеушілік көмек арқылы шаштараз бөлмесіне жиһаздар алып, сұлулық салонын аштық. Ал қыздар тігін цехында сахналық қойылымдарға арналған киімдерін өздері тігеді», - дейді Гүлсара Ботатаева.

Отбасылық үлгідегі балалар ауылында өзін-өзі тану және әлеуметтік бейімдеу орталығы бар. Заманауи конференц-залда балалардың онлайн-режимде оқуына мүмкіндік жасалған. Балалар Атырау қаласындағы үш мектепке қатынап оқиды.

Облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжан Мұхатаеваның айтуынша, жылыжай биылғы Балалар жылына орай қолға алынған.

«Жылыжай ашудағы мақсат – отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілерін еңбекке баулуды қолға алу. Сол себептен олармен бірге көкөністердің көшетін бірге егуге келдік», - дейді Гүлжан Мұхатаева.

Еске салайық, бұдан бұрын Атырауда отбасы үлгісіндегі балалар ауылы ашылғанын жазған едік.