Атырауда отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылына директор тағайындалды

None
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудағы «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылына директор тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, балалар ауылының директоры лауазымына конкурс жарияланған.

Конкурстық рәсім аяқталғанға дейін директордың уақытша міндетін Қасым Мұқашев атқарады.

«Бүгін «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының ұжымына директордың уақытша міндетін атқарушы Қасым Мұқашев таныстырылды. Қасым Хадырұлы – бұған дейін Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, Дағдарыс орталығы, №1 Жетімдер үйінде ұзақ жыл еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған маман. Жаңа басшыға тәрбиеленуші балаларды қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жайлы жағдай қалыптастыру жөнінде тапсырмалар жүктедім. Балалар ауылы Атырау облысы әкімдігінің үнемі басты назарында екенін атап өткім келеді», -деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда балалар ауылының директоры жұмысынан шеттетілгенін жазған едік.

Атырау облыстық білім басқармасы басшысының бұйрығымен отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаева атқаратын қызметінен тергеу жүргізу кезінде уақытша шеттетілген.

Ал, кейін Атыраудағы «Шаңырақ» балалар ауылында тәрбиеленушілердің құқығы шектелгені белгілі болды.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуына қарағанда, ұжымның бұрынғы қызметкері мен басшы арасындағы келіспеушіліктен балалар зардап шеккен.

«Желіде жарияланған түрлі жазбалардан екі тарап өзін ақтап алуға тырысып жатқанын көруге болады. Баланы өзіне тартып, түрлі видео таратудың артында баланың құқығын шектеу мәселесі тұр. Мұндағы балалар – мемлекеттің ерекше қорғауындағы балалар. Сондықтан балалардың құқығын қорғауға арналған барлық шара қабылданатын болады. Оған қоса, әлеуметтік желіде тараған жайттар балалардың өздерін қатты алаңдатып, болашағына кері әсері тиетінін ойлап отырғанын байқадым», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.


Соңғы жаңалықтар