Атырауда өткен жылы 2,7 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облыстық әкімдігі мен ХҚКО 2017 жылы халыққа 2,7 млн мемлекеттік қызмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атырауда өткен жылы 2,7 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген

Бұл тізімге халыққа қызмет көрсету орталықтарының, Атырау облысы әкімдігі құрылымдық бөлімшелерінің, сонымен қатар әлеуметтік желі, мессенджер, мобильді қосымшалар арқылы көрсетілген қызметтер енді. 

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, екі жыл бұрын облыста қалалық коммуналдық қызметтің жұмысын оңтайландыру бағытында шаралар басталды.

«Тұрғындар тарапынан кері байланыстың жоқтығы, сұранымдар мен шағымдарға жай әрекет ететіні жайлы наразылықтар болды. WhatsApp қосымшасы арқылы барлық негізгі коммуналдық қызметтерге жедел желі аштық, ол жұмыстың жеделдігін, тиімділігін арттырды», - дейді баспасөз қызметі.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында, мемлекеттік қызмет көрсету құралдарының қатарын кеңейту үшін жергілікті атқарушы органдар Telegram қосымшасында «Атырау областық әкімдігі» чат-каналын, «Атырау Цифрлық Қабылдау» мобильді қосымшасын ашты.

«Чат-канал мен мобильді қосымшалар арқылы көрсетілетін қызметтер жергілікті атқарушы органдарға елдімекендердегі проблемалық жайттарды анықтауға септігін тигізеді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсартуға, халықпен ашық диалог орнатуға ықпал етеді. Оларды ашудағы мақсат - жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызмет көрсетуін, жауап беруін қолжетімді қылу. Қазір мемлекеттік қызмет көрсету процесін оңайлататын тағы бірнеше онлайн-құралдар жасалып жатыр», - дейді Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов. 

Telegram қосымшасындағы «Атырау облысы әкімдігі» чат-каналы ашылғалы бері 2200-ден астам өтінім қаралды. «Атырау Цифрлық Қабылдау» мобильді қосымшасына 2018 жылдың қаңтарынан бері келіп түскені - 1087 өтінім. Чат-канал мен мобильді қосымшаны 7 мыңнан астам адам пайдаланады.

Айта кетелік, Атырау облысындағы халыққа қызмет көрсету орталықтары өткен жылы - 1 176 412 мемлекеттік қызмет, ал 2018 жылдың басынан бері - 648 915 қызмет көрсетті.

Атырау облысы әкімі аппараты мен әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері өткен жылы - 1 531 984 мемлекеттік қызмет, ағымдағы жылдың басынан бері - 611 095 қызмет көрсеткен.