Атырауда пара алған ювеналды полиция инспекторы сотталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда ювеналды полиция инспекторы пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда пара алған ювеналды полиция инспекторы сотталды

Атыраудағы №2 қалалық сотта ювеналды полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторына қатысты сот ісі қаралды. Инспекторға ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлігімен (Пара алу) айып тағылған.

«Полиция инспекторы Х. азамат С.-ға кәмелетке толмаған баласына тәрбиелеу жұмыстарын тиісті дәрежеде атқармағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жинақталған құжаттарды сотқа жолдамай, оңтайлы шешу, яғни өндірістен тоқтату мақсатында 100 000 теңге пара алған. Инспекторды пара алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметкері ұстаған. Көрсетілген мән-жайлар мен сотталушының кінәсі куәнің айғақтарымен, ЖТӘ нәтижелерімен, сот-химиялық сараптама қорытындысымен, заттай дәлелдемелермен дәлелін тапты. Сотталушы өзіне тағылған айыппен толықтай келісіп, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.

Сот ювеналды полиция инспекторы Х.-ға параның 30 еселенген сомасында, яғни 3 млн теңге айыппұл салу түріндегі жаза тағайындады. Үкім шығару кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні мойындауы, шын өкінуі, бұрын сотталмағаны ескерілген.

Сондай-ақ инспектор мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда тағы бір тәртіп сақшысына қатысты сот үкімі шыққан болатын. Полиция инспекторы қызметтегі әрекетсіздігі үшін 3 жылға сотталды.