Атырауда полиция екі адам өлтірді деген күдіктіні ұстады
АТЫРАУ. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атыраулық полицейлер екі адам өлтірді деп күдік келтірілген ер азаматты ұстады.
Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарованың айтуынша, сөз болып отырған қылмыстар өткен аптада орын алған. Қарашаның 18-де өз пәтерінде 20 жасар бойжеткеннің өлігі табылса, ал 20-да өз пәтерінде 42 жастағы әйел өлтірілген болатын.
«Оқиға орнында табылған айғақтар, екі қылмыстың бір адамның немесе бірлесіп әрекет еткен топтың қолы екенін көрсетеді. Екі марқұмның да пәтерлерін жалға беріп келгені де тергеушілердің долбарын растай түседі. Сөйтіп, екі іс біріктіріледі», дейді Г.Мұхтарова.
Жексенбі күні полицейлер осы екі қылмысты жасады деп күдік келтірілген Батыс Қазақстан облысының 33 жастағы тұрғынын ұстады. Одан заттай айғақтар - қаза тапқандардың ұялы телефондары табылған. Департаменттің баспасөз хатшысының айтуынша, күдікті қылмысты жасағанын мойындап отыр.
Ол қазір уақытша оқшаулау абақтысына жабылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 96-шы бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалы басталды.