Атырауда прокурорлар нәресте өліміне қатысты істі тексеріп жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласының прокуратурасы нәрестелердің шетінеу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда прокурорлар нәресте өліміне қатысты істі тексеріп жатыр

«Қызметтік тексеріс барысында және тиісті сарапшылардың қорытындысы негізінде дәрігерлер жаңа туған нәрестелердің жанын сақтап қалуға мүмкіндігі болған жағдайлар анықталды. Атап айтқанда, №3 қалалық емханасының қызметкерлері келіншек босанарда кәсіби міндеттерін жөнді атқармаған. Соның салдарынан биыл 13 ақпан күні жаңа туған нәресте шетінеген. ҚР Қылмыстық кодексі 317-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Іс облыстық полиция департаментінің өндірісінде», - деп мәлімдеді Атырау облысы прокурорының аға көмекшісі Қанат Қабдолов.

Оның айтуынша, осы қылмыстық істі тексеру облыс прокурорының қатаң қадағалауында.
«№4 және №5 қалалық емханаларында да 5 келіншек босанар кезде осындай жағдайлар болды. Осы деректер қала прокуратурасының тіркеуіне енгізілді әрі процессуалдық шешімдерді қабылдау үшін қалалық полиция басқармасына жіберілді», - деді Қанат Қабдолов. Айта кетейік, Атырау облыстық перинаталдық орталығында биыл 5 046 сәби дүниеге келген. 56 бала туа салып шетінесе, 77 бала анасының жатырында мерт болған.