Атырауда Ресейде тіркелген көлік жүргізушісі адам қағып, мерт қылды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Ресейде тіркелген көлік қаққан ер адам оқиға орнында мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы кеше, 10 қарашада сағат 20:00 шамасында болған.
«Атырау қаласындағы С.Бейбарыс даңғылымен Х.Доспанова атындағы халықаралық әуежайға бара жатқан «Kia Serato» көлігі жаяу жүргіншілер өткелінде адам қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасынан 1981 жылғы ер адам оқиға орнында қаза тапты. Аталған көліктің Ресей Федерациясында тіркеуде тұрғаны анықталды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Ресейлік көліктің рулінде болған 28 жастағы жүргізуші ұсталды. Көлік арнаулы тұраққа қойылды. Қазір аталған жол-көлік оқиғасына байланысты іс-құжаттар жинақталуда.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыста биылғы 10 айда шетелде тіркелген көліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларында 17 адам қаза тапты. Ал, 75 адам дене жарақаттарын алды. Осы кезеңде шетелдік тіркеуде тұрған автокөліктер 4 096 мәрте жол жүру ережесін бұзған. Сондай-ақ Атырау өңіріне Ресейден 100-ден астам көлік жалған құжатпен әкелінгені белгілі болды.
Ал ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтің мәліметінше, Қазақстанда жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілердің 20 пайызы - шетелдік көлік иелері.