Атырауда республикалық ақындар айтысы өтті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 25 қазан – Республика күні қарсаңында ақындардың республикалық айтысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда республикалық ақындар айтысы өтті

Биыл ұлттық мереке ретінде аталып өтетін мейрамға орайластырылған «Егемендігім – ерен елдігім» атты республикалық айтысқа Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Астана қаласынан 16 ақын қатысты.

«Атырау өңірінде бастау алған бұл айтыстың орны ерекше. Өйткені, биыл 13 жылдан кейін ұлттық мереке ретінде қайта бекітілген Республика күніне арналып отыр. Халықтың мұң-мұқтажы, көптің көкейінде жүрген мәселелерді жырлайтын, қазақтың ұлттық өнерін кеңінен насихаттап жүрген айтыскерлерге сәттілік тілеймін», - деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Ақындар Республика күні, тәуелсіздік, бірлік тақырыптарын арқау етті. Мұнайлы Атыраудың экологиясын, жол мәселесін талқыға салды.

Қазылардың шешімімен аламан айтыстың бас жүлдесі – 1,5 млн теңгені қостанайлық ақын Айбек Қалиев иеленді. Ал, 1 млн теңге жүлдесі бар бірінші орын Серікбол Панабердиевке (Атырау облысы) берілді.

Екінші орынға екі ақын лайық деп танылды. Олар – Нұрбейбіт Нұғыманов (Атырау облысы) пен Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы). Ақындар 700 мың теңгеге ие болды.

Үшінші орынның 500 мың теңгелік үш жүлдесі Рүстем Қайыртайұлы (Абай облысы), Сырымбек Сәрсенбаев (Атырау облысы) пен Батыржан Кәдірбайға (Атырау облысы) бұйырды. Ал, Жұлдыз Қожабекова (Ақтөбе облысы) мен Жансая Мусинаның (Батыс Қазақстан облысы) өнері арнайы жүлде – 400 мың теңгемен аталып өтті.

Сондай-ақ, Өнербек Дәулекенов (Атырау облысы), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы), Алшынбек Мұқанғалиев (Атырау облысы), Нұрболат Нұғманов (Атырау облысы), Ержан Әміров (Қызылорда облысы), Дидар Аббас (Жамбыл облысы) мен Олжас Отарға (Астана қаласы) ынталандыру сыйлығы ретінде 300 мың теңге берілді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда студенттердің «Біз жанбасақ...» республикалық айтысы өткенін жазған едік.