Атырауда рұқсатсыз жұмыс істеген 19 шетелдікке 86 мың теңгеден айыппұл салынды

Атырау облысының Махамбет ауданында рұқсатсыз жұмыс істеген Өзбекстан Республикасының 19 азаматының әрқайсысына әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Махамбет аудандық сотында шетелдіктер тарапынан әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты 19 әкімшілік іс қаралды. Өзбекстан Республикасының азаматтарына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 517-бабының 5-бөлігімен әкімшілік айып тағылған.

«Сот анықтағанындай, Өзбекстан Республикасының азаматтары жергілікті атқарушы органнан еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат алмастан Махамбет ауданында құрылыста, шаруа қожалығында, көлік жөндеу орталығында, асханаларда жұмыс істеген. Өзбекстан Республикасының 19 азаматы кінәлі деп танылды. Сот қаулысымен шетелдіктердің әрқайсысына 86 мың 250 теңгеден әкімшілік айыппұл салынды», -деп хабарлады Махамбет аудандық сотынан.

Сот қаулылары заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда ел аумағына заңсыз келген шетелдік 6 айға сотталғанын жазған болатынбыз.

Өзбекстан Республикасының 44 жастағы азаматы жеке басын куәландыратын құжатсыз Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан заңсыз өткен белгілі болды. Оның бұрын ел аумағынан 5 жылға тысқары шығарылғаны анықталды.

Заң талабын шетелдікке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Құрманғазы аудандық сотының үкімімен Өзбекстан Республикасының азаматы кінәлі деп танылып, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Шетелдікке ел аумағына 5 жыл мерзімге келуге тыйым салынды.


Соңғы жаңалықтар