Атырауда салық төлеуден жалтарған серіктестік директоры жауапқа тартылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда салық төлеуден жалтарған серіктестік директоры жауапқа тартылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.               

Атырауда салық төлеуден жалтарған серіктестік директоры жауапқа тартылды

 Бұл қылмысты Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі жедел-іздестіру шаралары кезінде анықтаған.

"Д. есімді азамат құрылтайшылардың шешімі бойынша ЖШС директоры болып тағайындалып, кәсіпкерлік қызметпен айналасқан. Оны жүзеге асыру барысында қылмыстық пиғылын қолданып, шот-фактураларды дайындап, жөнелтілген жүк құжаттарды өзінің қолымен және ЖШС-нің мөрімен куәландырған. Өз кезегінде, аталған азамат АҚ контрагенттіне жалпы сомасы 44 673 215 теңгені салық төлеуден жалтаруға көмек көрсеткен", - деп xабарлады Атырау облыстық МКД баспасөз қызметінен.

Айта кетелік, №2 Атырау қалалық сотының үкімімен айыпталушы Қылмыстық Кодекстің «Іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау», «Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару» баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Сөйтіп, 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, коммерциялық ұйымдарға басшылық қызметімен айналысуға 1 жылға тыйым салынды.