17:34, 16 Шілде 2020 | GMT +6
Атырауда «Сарайшық» коммуналдық базары өртенді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда «Сарайшық» коммуналдық базары өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сенсек, өрт бүгін, 16 шілде сағат 14:52-де тұтанған.
«Нұрсая мөлтекауданы, К.Мәденов көшесінің 1 «А» мекенжайындағы «Сарайшық» коммуналдық базарының ішінде орналасқан 50 шаршы метрлік 3 азық-түлік дүңгіршегі отқа оранды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 6 минутта жетті. Жалын сағат 15:15-те оқшауланып, 15:51-де толық сөндірілді» деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда дәмхана түгі қалмай жанып кеткен еді.