Атырауда сауналар мен СПА орталықтарының жұмысына рұқсат берілді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда сауналар мен СПА орталықтарының жұмысына рұқсат берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, сұлулық салондары, шаштараздар, косметологиялық қызмет көрсететін объектілеріне алдын ала жазылу бойынша (объектінің толтырылуы 1 келушіге кемінде 4 шаршы метр есебімен) штаттық режимде жұмыс кестесін белгілей отырып рұқсат етілген.
«Фитнес орталықтар, спорттық-сауықтыру объектілері, спорт және жаттығу залдары алдын ала жазылу бойынша штаттық режимде жұмыс кестесін белгілей отырып (1 келушіге кемінде 5 шаршы метр есебінен толтырылуы объект сыйымдылығының 50%-ынан аспайды), сауналар, СПА орталықтары, бассейндер алдын ала жазылу бойынша 07.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Жексенбі күні жұмыс жасауына тыйым салынады» -делінген қаулыда.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда көпшілік іс-шараны өткізуге тыйым салынған болатын.