Атырауда шаруа қожалығынан тегін бизнес-жоспар үшін 25 мың теңге талап еткен
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл туралы кәсіпкерден шағым түскен.
«Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкері 2021 жылдан бері 427 бизнес субъектісі үшін бизнес-жоспар әзірлеген. Кәсіпкердің айтуынша, палата қызметкері бизнес-жоспарды әзірлегені үшін шаруа қожалығынан 25 мың теңге талап еткен. Бұл бизнесті мемлекеттік қолдау шарасы ретінде іске асырылуы керек. Үкіметтің қаулысына сәйкес бизнес-жоспарды әзірлеу өтеусіз негізде жүргізіледі», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты департамент тарапынан өңірлік палатаға мұндай фактілерге жол бермеу, тиісті шара қабылдау туралы ұсыныс жолданған.
Сондай-ақ, бұл дерек ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген.
Процестік шешімдер қабылдау, басқа да деректерді анықтау үшін облыстық полиция департаментінің қарауына берілген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда қос аурухана кәсіпкерлерге 900 млн теңгеден астам қаржыны төлемей келгенін хабарлаған болатынбыз.
Департамент қызметкерлері екі аурухана жұмысына мониторинг жүргізген. Мониторинг қорытындысымен 64 кәсіпкерлік субъектісіне мемлекеттік сатып алу бойынша көрсетілген қызметтер мен тауарларды жеткізгені үшін 900 млн теңгеден астам ақшалай қаражатты төлемеу фактілері анықталған.
Сондай-ақ, Атырауда мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерге 5,4 млн теңге депозитін қайтармағанын жазған едік.