Атырауда шенеуніктер мен кәсіпкерлер ҚР Қылмыстық кодексінің 6 бабымен айыпталуда

АТЫРАУ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Атырауда басталған сот үдерісінде шенеуніктер мен кәсіпкерлер ҚР Қылмыстық кодексінің 6 бабымен айыпталуда.

Атырауда шенеуніктер мен кәсіпкерлер ҚР Қылмыстық кодексінің 6 бабымен айыпталуда

«Бұл баптар «Ұйымдасқан топ құру және басшылық жасау, сонымен қатар оған қатысу», «Қызметтік жалғандық», «Лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану», «Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену және талан-таражға салу», «Қылмыстық жолмен табылған ақша қаражаттарын немесе басқа мүліктерді заңдастыру» және «Жалған кәсіпкерлік» сияқты әрекеттерге қатысты.

Еске сала кетейік, сот орындығында 22 адам бар, олар бюджеттік қаражаттарды талан-таражға салуға және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануға айыпталуда.

Бұдан бұрын хабарланғандай, облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің қылмыстық қоғамдастығының мүшелері ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстар жасауының нәтижесінде мемлекетке және азаматтарға жалпы сомасы 71 млрд. теңгеден астам залал келтірілген. Қаржы полициясы қабылдаған шаралардың нәтижесінде мемлекетке 23,6 млрд. теңгенің мүлкі қайтарылды. Келтірілген залалдың орнын одан әрі толтыру мақсатында жалпы сомасы 42 млрд. теңге көлемінде айыпталушылардың 580 атаудан астам жылжымалы және жылжымайтын мүлкі (5 аяқталмаған құрылыс нысандары; 73 жер учаскесі; 2 әкімшілік үй, 13 тұрғын үй, 12 кеңсе, 23 пәтер және т.б.; 197 көлік құралдары; коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы 31 қатысу үлесі; 145 бірлік түрлі жабдықтар; 19 банк есепшоты) тұтқындалды.

Бұдан басқа, Швейцария Конфедерациясының Федералдық прокуратурасы Швейцария банктеріндегі Бергей Рысқалиевтің жақын туыстарының және оның отбасымен сыбайлас тұлғалардың есепшоттарындағы елеулі ақша қаражаттарын тұтқындады.

2013 жылғы 11 маусымда Швейцария Конфедерациясына осы мемлекет аумағында тергеу іс-қимылдарын жүргізу жөнінде халықаралық тапсырма жіберілді.

Б.Рысқалиевке және оның інісі Аманжан Рысқалиға, сондай-ақ олардың тағы 9 жақтастарына халықаралық іздеу жарияланды. Көрсетілген адамдарға қатысты қылмыстық іс материалдары бөлек өндіріске алынды.