Атырауда шикі мұнайға сұраныс артады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қайта жаңғыртудан өткен қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында шикізат тапшылығы орын алауы мүмкін. Шикі мұнай жетіспеушілігінен құтылу мәселесі Атыраудағы мұнай өңдеу зауытында өткен Парламент Мәжілісі комиссиясының көшпелі отырысында айтылды, деп хабарлайды 24.kz.
Елдегі 3 мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Осыдан кейін қара алтын өңдеу көлемі 14 миллион 200 мың тоннадан, 16 жарым миллион тоннаға артады. Шикізат терең өңделеді, мұнай өнімдерінің сапасы жақсарып, Еуро-4 және 5 талаптарына сай болады. Ел бірінші рет мұнай өнімдері импортынан бас тартумен қатар, отандық бензин мен дизельдің бір бөлігін экспортқа шығарады. Бұл үшін мұнай өңдеу зауыттарына жеткілікті шикізат түсіп тұруы тиіс. Алайда мұнай өндіруші компаниялар үшін қара алтынды сыртқы нарыққа шығарған тиімді.
«Энергетика министрлігі реттеп отыратын ішкі нарыққа бағытталған белгілі бір көлемдегі квота бар. Осының есебінен мұнай өңдеу зауыттарында жанар-жағармай дайындалуда. Ал зауыттардың қуатты артқан сайын, шикі мұнайға сұраныс көбейеді және бұл мәселе қалай шешілетіні әзірге белгісіз. Сондықтан бұл жағдайды заңмен реттеу қажет болатын сияқты. Бүгінгі басқосудың мақсаты да осы сұрақтарға жауап іздеу болатын»-дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.