Атырауда шығарылған полипропиленнің алғашқы партиясы экспортқа жіберілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда шығарылған полипропиленнің алғашқы партиясы экспортқа жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына сапары кезінде газ-химия кешенін іске қосқан еді.

Кешеннің құрылысына 4300 адам жұмысқа тартылған. Толық қуатында жұмыс істегенде, мұнда 631 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. «Теңіз» кен орнында өндірілетін шикізатты өңдеуге бағытталған кешенде жылына 500 мың тонна полипропилен шығара алады.

Аталған кешеннен 1,5 мың тонна полипропилен экспортқа жөнелтілді. Полипропилен тиелген 62 контейнер теміржолмен жіберілген.

«Қазақстан экономикасындағы тұңғыш газ-химия кешенінде жылына 500 мың тонна полипропилен шығарылады. Бұл – бірнеше салаға арналған бұйымдар мен түрлі бөлшектер жасауға қажетті шикізат. Оның ішінде машина жасау, медицина, электроника, орама материалдар, контейнерлер, талшықтар, құбырлар, бақша және кеңсе жиһазыы өндірісінде, сондай-ақ, құрылыста, тоқыма және тамақ өнеркәсібінде шикізат ретінде қолданылады. Сол себептен, «РГК-Каспий», «Универсал», «ALPHA PLAST» секілді отандық компаниялардың тапсырысына сәйкес полипропилен өнімі жіберіле бастады. Зауыт Қазақстанның ішкі нарығын полипропиленмен толық қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Қараша айының соңына дейін өнімді отандық тұтынушыларға, ал экспортқа 9 мың тоннадан асатын тағы 6 контейнерлік пойыз жіберіледі», - деп хабарлады зауыттың баспасөз қызметі.

Жаңа кешендегі полипропиленнің сапасы швейцариялық SGS компаниясының зертханасында тексеріледі. Зертхана кешен аумағында жұмыс істеп тұр.


Соңғы жаңалықтар