Атырауда синтетикалық есірткіні анықтайтын құрылғы сатып алуға қаржы бөлінеді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда синтетикалық есірткіні анықтайтын заманауи құрылғы сатып алуға қаржы бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл мәселелер Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен өткен нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік штаб отырысында қозғалды.

Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Роман Ермұхановтің айтуынша, 5 айда 45 қылмыстық құқық бұзушылықты анықталған. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 5 келі есірткі заты тәркіленген. Сондай-ақ, уытқұмарлық заттарын жарнамалайтын 15 сайт анықталып, бұғаттауға жолданған.

«Есірткімен күрес іс-шараларына кедергі болатын бірқатар проблемалық мәселе туындап отыр. Қазір қолда бар зерттеу құралдары есірткінің барлық түрлерін айыра алмайды. Сондықтан, заманауи жаңа құрылғы алу қажет. Облыс аумағындағы сора шөбін өсіру алқаптарын анықтап, жою үшін тікұшақ пен алыстан бақылау жүргізуге дрон аппаратының қажеттілігі туындады. Интернет арқылы жасалатын есірткі саудасына ден қою мақсатында ақпараттық технологиялар саласындағы мамаңдар жетіспейді», -деді Роман Ермұханов.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің пікірінше, синтетикалық есірткімен күресте қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Өйткені, өңірдегі есірткі саудалаушылардың бірқатары қоғам белсенділерінің араласуымен анықталған.

«Қоғамды мазалайтын басты мәселелердің бірі – нашақорлық және есірткі бизнесі. Өкінішке орай, біздің облыста есірткінің синтетикалық және өзге де ауыр түрлері бар. Аналитикалық мәліметтерге сәйкес, облыста есірткімен байланысты қылмыстың саны өсіп отыр. Есірткі құралдары мен психотпроптық заттардың түрлері көбейіп, оның саны 350-ден асты. Соған байланысты ата-аналар баласының синтетикалық есірткі пайдаланып жүргенін қалай анықтауға болады деген сауалға толық жауап алуы қажет. Проблемалық ахуалды ашық айтылуы керек», -деді Жасұлан Бисембиев.

Оның айтуынша, синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін анықтайтын заманауи құрылғыны сатып алу үшін облыстық бюджеттен қажетті қаржы қаралады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауға өзге өңірден келіп есірткі сатқан екі адам 7 және 10 жылға сотталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар
telegram