Атырауда сот-сараптама орталығының зертханасы салынады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраудың Сарыөзек ықшам ауданында сот-сараптама орталығының зертханасы салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тұрғындармен кездесуде Атырау әкімінің орынбасары Шәкір Кейкин қаланың және қала маңындағы ауылдық округтердің даму жоспарларын, сондай-ақ жаңадан салынатын медициналық мекеме - сот сараптама орталығының зертханасы туралы айтып берді.
«Сарыөзек кентінде бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы жоспарланған, оның ішінде зертханасы бар заманауи медициналық мекеме. Құрылысты аяқтағанға дейін жұмысқа жергілікті тұрғындарды шақыру жоспарланып отыр, ал пайдалануға берілгеннен кейін, медицина қызметкерлерінен басқа, техникалық және қызмет көрсету қызметкерлері жұмысқа қабылданады. Ғимарат барлық санитарлық нормаларға сәйкес салынатын болады, сондықтан жергілікті тұрғындар үшін алаңдаушылық туғызбайды», - деп түсіндірді Шәкір Кейкин.
Сарыөзек тұрғындарымен кездесуге Сот-сараптама орталығы облыстық филиалының, Атырау облыстық құрылыс басқармасының өкілдері, сондай-ақ нысан құрылысын салумен айналысатын мердігерлік мекеме өкілдері қатысты. Құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, медициналық мекеменің құрылысы басталды, мердігер - «Гамма С» ЖШС. Құрылыстың аяқталу мерзімі - 2019 жылдың соңы.
Өз кезегінде жергілікті тұрғындар автобус қызметі, мектептің, сапалы жолдардың, тротуарлардың, аялдамалардың, көше жарықтарының және ойын алаңдарының жоқтығы туралы айтты.
«Қазіргі уақытта №4 Гагарин атындағы мектепте біздің 355 бала автобуспен қатынап оқып жатыр. Біздің ауылда мектептер салу мәселесін қалай шешуге болады? Сонымен қатар, ауылда балалар бос уақыттарда ойнай алатын бірде-бір орын жоқ», - деді жергілікті тұрғын Жеткіншек Төлегенов.
Әкім орынбасарының айтуынша, таяу арада осы елді мекенде инженерлік коммуникациялар - су құбырларын, жолдар мен тротуарларды төсеу, сондай-ақ, жарықтандыру мен автобус аялдамаларын орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Сарыөзек ықшам ауданында жергілікті тұрғындар облыс орталығына оңай жету үшін автобус қызметін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
«Мектептің құрылысы мәселесі қайшылық тудырады, өйткені нысан ауылдық жердегі қажетті оқушылар мен сыныптар санына сәйкес салынуы керек. Мысалы, егер мектептің стандарты бойынша кемінде 300 орынға арналған болса, онда 600-ге жуық оқушы оқиды - әр ауысымда 300. Сондай-ақ, штаттық кесте бойынша кейбір сыныптарда оқушылар жеткіліксіз болады. Балалардың демалысы туралы айтатын болсақ, биыл біз балалар алаңдарын жеткілікті түрде салуды жоспарлап отырмыз, бұл елді мекен де шет қалмайды», - деді Шәкір Кейкин.
Айта кетейік, Сарыөзек ықшам ауданында жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер телімдерінде салынған үйлер бар. Жақын жерде екі саяжай қоғамы бар. Заңға сәйкес инженерлік коммуникациялар жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелеріне ғана тартылады. Бау-бақша қоғамдарының мүшелері ИКИ-ді дербес жүзеге асыруы тиіс.