Атырауда сотқа дейінгі татуласу кабинеттері ашылды

АТЫРАУ.ҚазАқпарат - Атырауда сотқа дейінгі татуласу кабинеттері ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда сотқа дейінгі татуласу кабинеттері ашылды

Жиын барысында облыстық сот төрағасы Марғұлан Бектұрғанов кәсіби медиаторлармен кездесіп, «Сот жүйесінің 7 түйіні» жобасы шеңберінде Атырау қалалық сотының ғимаратында заманауи негізде жабдықталған кәсіби медиаторларға және сот медиациясына арналған кабинеттер ашылғанын атап өтті.

«Өңірдегі медиаторлардың жұмысы жақсы нәтижелер беріп отыр. Бұған статистикалық мәліметтер дәлел, 2017 жылы сотқа дейінгі медиация тәртібінде 1429 іс, осы жылдың төрт айында шамамен 400 дауды қарау аяқталған. Біз медиацияны дамыту бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастыруға ниеттіміз. Сол үшін де азаматтар арасындағы кикілжіңдерді тез әрі тиімді шешуге барлық жағдайды жасауға тырысамыз, - деді М.Бектұрғанов.

Бүгінде Атырау қалалық сотының ғимаратында төрт татуласу кабинеті ашылған. Олардың екеуінде кәсіби медиаторлар, ал қалған екеуінде судья медиаторлар жұмыс істейді. Сондай-ақ, жұмыстын насихаттау мақсатында сотта және қаладағы телеэкрандарда аталған кабинеттердің қызметі туралы қысқаметражды бейнероликтер көрсетілуде.

Өз кезегінде медиаторлар татуластыру рәсімі институтын дамытудағы белсенділігі үшін сот корпусына алғысын білдірді.

Алдағы уақытта, Кәсіподақ орталығы мен Достық үйі жанында осындай татуласу кабинеттері ашылады деп жоспарланып отыр.