Атырауда суға батып бара жатқан балалы әйел құтқарылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда бейтаныс ер адам суға батып бара жатқан әйел мен ұлын құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желі қолданушысы Айсұлу Үсенбаеваның Facebook-тегі парақшасында жазғанындай, оқиға кеше, 23 шілдеде болған.

«Мен анаммен және 4 жасар ұлыммен серуендеуге шығып, өзен жағасына бардық. Ұлым екеуміз Авангард аумағындағы жағалауда суға тас лақтырдық. Төменге түстік. Жасанды көпірге жақындадық. Ол суды жақсы көреді. Кенет ұлымды қалай жібере салғанымды байқамадым. Бұл – менің қателігім. Ұлымды судан шығару үшін өзім де өзеенге секірдім», - дейді Айсұлу Үсенбаева.

Ол баласын судан жоғары көтеріп, жағаға жетпек болған. Алайда, жағалауға жете алмай, көмек сұрап, айқайлаған. Өтіп бара жатқан жас жігіт оны ұлымен бірге құтқарып қалған.

«Бұл – өте қорқынышты жайт. Үстімдегі киімнің қалтасында телефон мен кілттер бар еді. Түсіп қалмағанына таңдандым. Бізді құтқарған жігітке де, су әрі лас киіммен таксиге отырғызған жүргізушіге де рақмет. Қиын кезде көмек беретін адамдар болғаны қандай жақсы», - дейді Айсұлу Үсенбаева.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысы су айдындарында шомылуға қауіпті 70 учаске барын хабарлаған болатынбыз. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, оның ішінде Атырау қаласында 17, Индер ауданында 10, Махамбетте – 19, Құрманғазыда – 2, Жылыойда – 7, Қызылқоғада ауданында 15 қауіпті учаске бар. Қауіпті учаскелерге 238 тыйым салу белгісі мен 9 ақпараттық стенд орнатылған.


Соңғы жаңалықтар