Атырауда табиғатты бүлдіргендерге 287 млн теңгенің айыппұлы салынған
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында экологияны бүлдіргендерге 287 млн теңгеің айыппұлы салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің мәліметінше, биылғы 11 айда қоршаған орта тазалығын сақтау мақсатында 106 бақылау жүргізілген.
Оның ішінде 28 профилактикалық бақылау, 57 жоспардан тыс тексеру бар. Бақылаудың өзге түрімен 21 рет іс-шара өткізілген.
«Осы кезеңде экологиялық заңнама талаптарын бұзған 213 дерек анықталды. Қоршаған ортаны қорғау заңмамасының талабын бұзушылықтарды жою туралы 51 нұсқама берілді. Анықталған заң бұзушылықтарға қатысты 265 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 5 ескерту беріліп, тоқтату туралы 16 қаулы шығарылды. Бұған қоса 36 әкімшілік іс сот органдарына қарауға жолданды. Ал, қалған 208 іс бойынша 287 млн 57 мың 606 теңге сомасына әкімшілік айыппұл салуға қаулы қабылданды. Қазір 107 млн 957 мың 847 теңгені құраған 7 әкімшілік айыппұл сот орындаушылардың өндірісіне тапсырылды», -деп мәлім етті Әлібек Бекмұхаметов.
Оның айтуынша, «SMART-OIL» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
Сол кезде Қызылқоға ауданындағы «Қарабау Петролеум» ЖШС-ға қарасты «Қарабау» кен орны аумағында топырақ қабаты бұрғылау шламымен бүлінгені анықталған.
Аталған компанияға ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің талаптарына сай хаттама толтырылған.

Ал бұрғылау шламымен бүлінген жер толық тазаланған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер табылғанын жазған болатынбыз.