Атырауда таеквондодан Азия чемпионаты басталды

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырауда алғаш рет таеквондодан Азияның І ашық біріншілігі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінен мәлім еткендей, рейтингілік турнирге 15 мемлекеттен 400-ге жуық спортшы жиналған.

Хиуаз Доспанова атындағы мұз сарайында өтіп жатқан дода үш күнге созылады.

Чемпионаттың ашылу салтанатында Қазақстандағы Оңтүстік Корея елшісі Ким Дэ Сик, Азия таеквондо одағының президенті Кю Сэок Ли, ҚР ҰОК бас хатшысының орынбасары, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының бас директоры Елдос Рамазанов және Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

«Бұл менің Атырауға екінші рет келуім. Таеквондоның дамуына Қазақстанның қосар үлесі зор екеніне сенімдімін. Ұйымдастырушыларға зор алғыс айта отырып, Қазақстан спортшылары Азия ойындарында сәтті өнер көрсеткенін атап өткім келеді», - деді Қазақстандағы Оңтүстік Корея елшісі Ким Дэ Сик.

ҚР ҰОК бас хатшысының орынбасары, спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының бас директоры Елдос Рамазанов мұндай ірі жарысты өткізуді Қазақстанға сеніп тапсырғаны үшін Азия таеквондо одағының басшылығына алғыс білдірді.

«Жазғы Азия ойындарында біздің спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетті. Бүгінгі чемпионат қатысушыларының барлығына сәттілік тілеймін», - деген Елдос Рамазанов, аймақтағы спорттың дамуына зор үлес қосқан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты да ерекше атап өтті.

Еске сала кетейік, былтыр Атырауда таеквондодан тұңғыш рет жастар арасындағы Азия чемпионаты өткен болатын. Аталған сынға 26 мемлекеттен 500-ге жуық спортшы қатысты.

Жастар арасындағы біріншілікті жоғары деңгейде өткізгені үшін Атырау қаласы ересектер арасындағы чемпионатты қабылдап отыр.

Соңғы жаңалықтар