Атырауда теміржол вокзалына кіруге қатаң шектеу қойылды
Енді теміржол вокзалына тек билеті бар жолаушылар кіргізіледі. Атырауға өзге бағыттан келген жолаушылар вокзал ғимараты арқылы шығады.
Бұдан бөлек, «Нұр-Сұлтан-Атырау», «Алматы-Атырау» бағытына қатынауға шектеу қойылды.
Мәлім болғандай, Нұр-Сұлтан бағытындағы Бурабай курорты станциясы мен Шу станциясынан Атырауға қатынайтын рейс тоқтатылмайды. Шектеу қойылмаған рейс қатарында «Атырау-Маңғыстау», «Атырау-Ақтөбе» бағыты да бар.
«Қазір теміржол вокзалында әр үш сағат сайын дезинфекция жасалуда. Сонымен қатар, енді пойыздардың барлығы бірінші жолдан жүреді. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігі үшін ұйымдастырылып отыр», - деді Атырау магистральдық желі бөлімшесінің директоры Елубай Сапаров.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына қатынайтын пойыздарға алынған билеттерді тапсыру кезінде теміржол вокзалында халық көп шоғырланған. Олардың барлығына ақшалары толық қайтарылған.
Қазір билет тапсыратын адамдар азайған.