Атырауда тізе жарақатынан жүре алмай қалған 9 жасар қыздың тұсауы кесілді
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы 31 қаңтарда Жылыой ауданында тұратын Альмира есімді 9 жасар қыз мектептен келе жатып бұралқы иттен қашқан. Сол кезде жол жиегіне құлап, сол жақ тізесін бордюрге соғып алған.
«Алдымен, Жылыой аудандық орталық ауруханасына қаралған. Кейін оған 2 ақпанда облыстық балалар ауруханасында жамбас сүйегіне екі ота жасалды. Ал, 8 шілде күні жамбас сүйегінен имплантталған фиксаторларды алып тастау отасы сәтті өтті. Бұдан соң амбулаторлық бақылауға алынып, реабилитациялық орталықта емделді. Сол күні облыстық балалар ауруханасының базасында орналасқан «Қамқорлық» оңалту орталығына жатқызылды», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметінен.
Аталған орталықта оңалтудан сәтті өткен Альмира қайтадан қалыпты жүруге мүмкіндік алған. Осыған орай, облыстық балалар ауруханасының жас маманы, травматолог Жақсылық Мағзомов 9 жасар қыздың тұсауын кесті. Альмира отбасына оралды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 1 жасар баланың миына күрделі ота сәтті жасалғанын жазған болатынбыз.