Атырауда тоқыма геосинтетика өндіретін цех ашылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан Атырау облысына 1,1 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Полипропилен зауыты іске қосылғаннан кейін содан өнім шығаратын үш жобаны іске асырмақпыз. Олар: тоқыма геосинтетика, экструзиялық геосинтетика және Тоқыма емес геотекстильді мата», - деді облыс басшысы бүгін Орталық коммуниациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Әкімдік дерегінше, тоқыма геосинтетика өндіретін цех құны – 2 млрд теңге. Онда өндірілетін құрылыс материалдары жол мен гидротехника құрылысында, құбырлар мен қоймалар салуда және тағы басқа салаларда пайдаланылады. Бұрын бұл өнімдер шетелден сатып алынған. Енді олар еліміз бойынша Атырауда ғана шығарылады. Осылайша отандық өніммен ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспорттауға да мүмкіндік туады.

Ал экструзиялық геосинтетика өндіретін цех құны – 3 млрд теңге. Мұнда жылына геотор, геомембрана, композиттік геоматериалдар секілді бас-аяғы 10 млн шаршы метр өнім өндіріледі. Бұл материалдар авто және теміржол, өнеркәсіптік қалдықтар қоймаларының құрылысында, сондай-ақ жағаларды бекіту жұмыстарында пайдаланылады.

Тоқыма емес геотекстильді мата зауытының құны — 1,3 млрд теңге. Бұл өндіріс ошағында экспортқа бағытталған тоқыма емес геотекстильді мата өндірілмек. Өнім автожолдар құрылысында қолданылады.


Соңғы жаңалықтар