Атырауда туабітті сал ауруына шалдыққан балаларға күрделі ота жасалды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда туабітті сал ауруына шалдыққан балаларға күрделі ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетовтің айтуынша, соңғы бір жылда балаларға жасалатын ортопедиялық операциялардың саны артқан.

«Мәселен, өткен жылдың бірінші тоқсанында ортопедиялық 5 ота жасалған еді. Ал биыл – 41 операция. Осы айда церебралды сал ауруына шалдыққан екі балаға күрделі ота жасау жоспарланды», - дейді Нұрқабыл Айтмұхамбетов.

Астана қаласындағы №2 балалар ауруханасы ортопедия бөлімінің меңгерушісі Ағабек Чикенаевтың айтуына қарағанда, шетелдік мамандардан тәлім алған атыраулық дәрігерлер елордадағы әріптестерімен тәжірибе бөліскен.

«Атыраулық дәрігерлер біздің ауруханада күрделі операцияларға қатысты. Енді олар жинақтаған тәжірибесін қорытып, осы өңірдегі сал ауруына шалдыққан балаларды сауықтыру үшін жұмыс жасайды», - дейді Ағабек Чикенаев.

Оның айтуынша, жергілікті ауруханада қажетті медициналық жабдықтардың бәрі бар. Елорда дәрігерлері жергілікті әріптестерімен бірге үш күнде күрделі үш ота жасаған. Отаның әрқайсысы 2-3 сағатқа созылды.

«Мұнда күрделі оталарды жасау үшін жаңа заманауи операциялық блок жасақталып жатыр. Енді жергілікті дәрігерлер туабітті ортопедиялық дерттері, церебралды сал ауруы және дамуының әртүрлі патологиялары бар балаларға қажетті күрделі операцияларды өздері жасайтын болады», - деп мәлім етті А.Чикенаев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда туа біткен патологиясы бар балаға күрделі ота жасалғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ бір жасар баланың миына күрделі ота сәтті жасалғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар